Bugin
Қазақстанда жұмыс істеп тұрған биологиялық зертханалар кімге тиесілі? Бұл сұраққа Сенат жауап берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы шетелдік саясаткерлер мәлімдеме жасаған соң депутаттар бұл жайтты нақтылауға мәжбүр болды. Олар бұл нысандар Қазақстанда АҚШ-тың қаражатына әскери мақсатта және биологиялық қару жасау үшін салынған деген пікірлерін білдірді.
Бұл туралы Қазақстандағы биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын талқылау барысында айтылды.
Сенатор Ақылбек Күрішбаев биолабораториялардың қызметін нақтылады. Ол ғылыми мекемелер ерекше қауіпті патогенді микроорганизмдерге қарсы препараттар жасап жатқанын түсіндірді. Өлім деңгейі жоғары вирустар жоқ деді.
Арнаның мәліметінше, бұл құпия және жабық нысандар емес. Зертханалардың жұмысы мүлдем ашық. Ал құрылысы америкалық демеушілердің қатысуынсыз тек мемлекеттің ақшасына жүргізілген. АҚШ мамандары зертханаға кеңес беру және тәжірибе алмасу үшін барғаны расталды.
– «Бұл зертханалар Қазақстанға тиесілі және біздің өзекті экономикалық мәселелерімізді шешу үшін толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Олар шетелден грант алмайды, мұнда шетелдік ғалымдар жұмыс істемейді. Яғни, біздің зертханалар өз қызметінде шет мемлекеттерге есеп бермейді. BSL-3 ғылыми зертханаларының құрылысын Қазақстан үкіметінің толық бақылауымен қазақстандық мамандар жүргізді», – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.